«Табыс» – ерекше тарту
«Ақтөбе»
Ала жаздай жаумаған жаңбыр қаламызды сағынып қалғандай, кейінгі күндері жиі оралып тұр еді. Бірақ өткен сенбі күні ашық болды. Мереке алдындағы қала халқының көңіл-күйі де сол ауа райындай жадыраңқы. Қала күндегіше сәнденіп, жасанып жатты. Көшелер мен даңғылдар абаттанып, саябақтар гүл кілемдерін төсеп, су бұрқақтары атқылап адамдарды өздеріне серуенге шақырып тұрғандай. Бірақ көпшілік қала тұрғындары бүгін басқа бағытқа, қаланың батыс шетіне ағылуда.
Мұнда бүгін үш бірдей қуаныш болатыны алдын ала хабарланып қойылған еді. «Табыс» деп аталатын коммуналдық базар ашылмақ. Онда бірінші күзгі облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Мұнымен бірге, ең үлкен жеңіс – осы жерде Ақтөбе қаласы маңайында Азық-түлік белдеуінің жасалғандығы жөнінде тұсаукесер болмақ.Осындай жаңалықтарды естіп, айтылған уақытта Ақтөбе- Қобда жолының қаладан шыға бергенде оң қапталында бой көтерген коммуналдық базарға біз де жеткенбіз.
Сәске болмай-ақ, базар алды құмырсқаның илеуіндей қайнап жүре берді. Әрлі-берлі ағылған халық, иінтірескен көлік. Базар алдындағы алаң салтанатқа жасақталып қойылған екен. Үлкен экранда бейне роликтер көрсетіліп жатты. Алаңның бір қапталында облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған.Облыс әкімі Елеусін Сағындықов, қала әкімі Архимед Мұхамбетовтердің келуімен салтанат басталып та кетті. Іле бұл шараға тағы бір мәртебелі қонақ – еліміздің Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Есқалиев қатысып отырғаны көпшілікке белгілі болды.
Осы беделді топ, мамандар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қала маңындағы Азық- түлік белдеуінің жасалғаны туралы мағұламат беретін алдын ала жасақталған көрмеге қарай ойысты. Мұнда ет, сүт, астық, көкөніс және өсімдік майын өндіру бағытындағы кластерлік бірлестіктер ұйымдастырылған. Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов былай деп мәлімдеді:
– Сіздер Ақтөбе қаласы маңайындағы Азық-түлік белдеуін көріп отырсыздар. Бұл үшін біз жыл жарым уақыт ішінде осы бағытта бірсыпыра жұмыстар жүргіздік. Қазір бұл проблемаларды шешуде кластерлік қадамдар қалыптасты. Бізде 6 кластер құрылды. Жарты жылдың ішінде осы бағытқа 3,5 млрд теңге инвестиция салу қамтамасыз етілді.Өнім көлемі 37,7 млрд. теңге құрады. Азық- түлік белдеуі арқылы жасалған тауарлар тек қана коммуналдық базарлар арқылы сатылады. Ал қазір оның саны облыста онға жуықтады.
Мұнан кейін мамандар әрбір кластер туралы нақтырақ баяндауға көшті. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ерсайын Әжібаев астық кластері жөнінде хабарлады. Астықтың облыста қай жылда да артығымен өндіріліп келгенін айта келіп, Е.Әжібаев: «Биылғы қуаңшылық жылдың өзінде 250 мың тонна бидай өндіріледі, мұның өзі керекті астығымыздың 74 пайызын құрайды. Соның арқасында бағасы ең арзан нан республика бойынша біздің облыста болып отыр. Үш жыл бойы ол 36 теңгеден асқан жоқ», – деді. Астық кластері бойынша мұнан арғы әңгімені осы салада жетекші орын алатын «Рамазан», «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары Орынбасар Мусин, Аманқос Төлеуов жалғастырды. Осы сияқты басқа кластерлер хақында да осы салаларға жауапты мамандар толық мағұламаттар берді. Кластерлік бірлестіктердің жетекші кәсіпорындарындағы тамақ өнімдерін арттырудағы, жаңа технологияларды игерудегі жүргізіліп отырған жұмыстары айтылды.
Аймақта азық-түлікті молайтудың қуатты факторлары бар. Алда қуаты жылына 2500 тонна шошқа етін өндіретін Бестамақ мал шаруашылығы кешенінің құрылысы пайдалануға беріледі. Тұтынушыларға жылына 1200 тонна құс етін беретін «Аққұс» фабрикасының, жұмыртқа өндіруді 1,5 есе арттыруға бағыт ұстаған «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісі жаңартылады. «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауарлы сүт фермасының, «Ізет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылыжай комбинатының құрылысы аяқталады.
Бір сөзбен айтқанда, азық түлік белдеуін құру бағдарламасын іс жүзіне асыру импорт өнімдерін едәуір қысқартады және Ақтөбе қаласы тұрғындарының сұранымдарын өзімізде шығарылатын негізгі өнімдермен қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Аймақта азық-түлік белдеуінің жасалғанына көпшілік көзі жеткізілгеннен кейін, оны халыққа жеткізетін жаңа сауда орыны «Табыс» коммуналдық базарының тұсауы кесілді. Бұл шара бойынша облыс әкімі Елеусін Сағындықов сөз алып, былай түйіндеді:
– Біз ертең мемлекеттік үлкен мереке – Конституция күнін атап өтеміз. Сол мереке басталар алдында тағы бір игілікті істің тұсауын кескелі жиналып отырмыз. Жаңа жерде, қаланың батыс бетінде салынған бұл коммуналдық базарда қала тұрғындары мен қонақтары қала маңайындағы, тіпті тек қала маңайы емес, облыс көлеміндегі азық-түлік белдеуімен танысты. Мұнымен қатар, бүгін біз Сіздермен бірге үлкен коммуналдық базардың бірінші кезеңін ашамыз және оны алғашқы болып көреміз. Бұл базарды ашудағы мақсат – ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің тұтынушылармен аралық делдалсыз осы жерде өз тауарларымен тікелей сауда жасауына жету екені белгілі. Оған мұндағы сауда алаңы да, басқалай жағдайлар да толық мүмкіндік береді. Облыс бойынша мыңға жуық ауыл шаруашылық құрылымдарын бүгінде бес азық-түлік кластері біріктіреді. Яғни, өнім өндіретін қожайындардың өздері базарға келіп, қалалықтарға өнімдерін ұсынуларына болады. Бұл қадамдар әлеуметтік маңызы бар бірінші кезектегі азық-түлік тауарларының бағасының орынсыз өспеуін қамтамасыз етеді. Осы ғимаратты іске қосу арқылы біз қала тұтынушылары алдында берген уәдемізді орындадық. Естеріңізде болар, өткен жылы қаланың шығыс бетінен «Фриком» коммуналдық азық-түлік базарының екінші кезеңін ашу кезінде, мен қаланың батысында да сондай, мүмкін сапасы жөнінен одан артық, мейлінше қолайлы коммуналдық базар ашатынымызды айтқан едім. Ол тек қаланың батысы ғана емес, оңтүстік батысы мен оңтүстігін, яғни үш бағытын саудамен қамтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге ыңғайлы жерде тұр. Келесі жылы біз сіздермен бірге осы уақытта, ол да осындай үлкен, кемінде мың орынға есептелген, біздің қаламыздың терістік бетінде ашылатын коммуналдық базарды көретін боламыз. Азық-түлік белдеуінің құрылуы іс жүзінде облыс өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуді толық аяқтады деген сөз. Еліміздің кейбір аймақтары 50-60 пайызға дейін азық- түлікті сырттан тасымалдайтын болса, Ақтөбе облысы бүгінде азық- түлікпен өзін өзі толық қамтамасыз етіп отыр. Біз өзімізді өзіміз жүз пайыз ет, ет өнімдерімен, сүт, сүт тағамдарымен, көкөніс, картоп және өсімдік майларымен жабдықтауға толық қол жеткіздік. Әрнине, азық-түлік түрлеріне байланысты оның қайсыбірін екі, екі жарым есе артық өндіріп отырғанымыз да бар. Нан және нан бөлке тағамдары мен ұнды да көп өндіреміз. Мысалы, тәуліктік қажеттілік 250 тонна ұн болса, біз 750 тонна ұн өндіреміз. Біздің ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріміз бұл бағыттағы қызметтің алда да ұлғаятынын айтады. Астық, ет өнімдерін біз еліміздің өзге облыстарына шығарып қана қоймаймыз, басқа сырт елдерге де өткіземіз.Менің ойымша, бұл жақсы бастама, ол алда да қарқын ала береді. Облыста өнім өндіру ұлғаяды, ал бұл өз кезегінде бірінші қажеттілік туғызатын азық- түлік түрлерінің бағасының өсуін төмендетуге қызмет етпек. Ал әлеумет үшін бірінші кезекте қажеттілік қай кезде де жергілікті жердің өзі өндірген экологиялық таза азық- түлік болып келгені белгілі. Сайып келгенде, мұның өзі Елбасының адамдардың әл- ауқатын арттыру, Азық-түлік белдеуін құру, халықты арзан азық- түлікпен қамтамасыз ету міндетінен туындайды. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындап отырмыз. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, қолда бар қаржы мен мүмкіндіктерді, банкілердің қызметін осы мақсатқа бағыттай алдық.Соңғы екі жылда 17 млрд. теңге ауыл шаруашылығын дамытуға, тек осы салада ғана өнім өндіруге жұмсалды. Әрине, бұл қомақты цифр, алда мұның өзі де жыл сайын еселеп артатын болады. Себебі, облыстың экономикасы ұдайы дамып келеді. Үстіміздегі жылдың жарты жылдығы мен жеті айының қорытындысы бойынша облыс өткен жылғы деңгейге жетіп қана қойған жоқ, өнеркәсіп өнімдерін өндірудің көлемі жөнінен ілгері болды. Облыс экономикасының нығаюы осындай оң бағыттарға байланысты. Алдағы кезеңдердің бюджеттік болжамдар жөніндегі есептері де бізді қуантады, төлемдік түсімдер 130-135 пайызды құрады. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы, адамдарға қажетті жағдайлардың туғызылуы инвесторларды өзіне тартып отыр. Шетелдік инвесторлар экономикаға қаржы салса, енді өзіміздің инвесторлар белсенді жұмыс жүргізуде. Өнеркәсіп кәсіпорындары құрылысқа 117 пайыз инвистиция салып, өткен жылғы деңгейден асып түсті. Банктердегі депозиттер өсіп отыр. Өткен жылғыға қарағанда ол 2,5 млрд теңге артық. Демек, бұл халықтың жан басына шаққандағы табысының артып отырғанын көрсетеді.
Сөзінің соңына облыс әкімі жиналғандарды Конституция күні мерекесімен құттықтап, жаңа базардың жұмысына табыс тіледі.
Мұнан кейін облыс әкімі Елеусін Сағындықов, Индустрия және сауда вице- министрі Ерхат Есқалиев, қала әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған топ «Табыс» коммуналдық базарының ішіне еніп, сауда сөрелерін көріп, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерімен әңгімелесті. Тұтынушылармен тілдесіп, олардың пікірлерін білді.
Бұл базардың ғимаратының құрылысы өткен жылы басталған еді. Ол қысқа мерзім ішінде өте тез салынды. Құрылысқа 481,8 млн. теңге көлемінде инвестиция салынды. Қаржы жергілікті бюджеттен бөлінді. Ғимараттың жалпы көлемі барлық өндірістік бөлімшелерді қосқанда 4752 шаршы метрді құрайды. Базардың ішінде 510 шаршы метр алаңға ет, сүт өнімдерін сақтайтын тоңазытқыш сөрелері, тауар жаймалары, 300 шаршы метрге сауда залы,108 шаршы метрге зертхана, 230 шаршы метрге өнімдерді сақтау ,120 шаршы метрге тоңазытқыш қондырғылары орналасқан.
Базардың абаттандырылған аумағы, автокөліктердің келіп-кетуіне ыңғайлы жолдары, арнаулы күзет бөлімі бар. Ғимараттың іші-сырты арнайы бейнедидар арқылы бақыланады. Алдағы уақытта осы сауда орнының тікелей басында банктердің банкоматтары орналастырылмақ. Мұнда жалпы саны 1000-нан астам жұмыс орыны ашылмақшы.
Бұл күні «Табыс» коммуналдық базары ашылып қана қойған жоқ, осында бірінші күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласынан 128 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, өңдеушілер, жеке кәсіпкерлер қатысты. Бұл күні қала тұрғындарына 9,1 тона ет, 5,8 тонна сүт өнімдері, 1,4 тонна балық, 1 тона өсімдік майы, 4,5 тонна картоп, 43 тонна көкөніс пен жеміс- жидектер сатылды. Тек аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мәліметіне сүйенсек, осы күні 9,9 млн. теңгенің саудасы жасалды. Жәрмеңкедегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің бөлшек саудадағы орташа бағасы қаладағы коммерциялық базарларға қарағанда 13 пайыздан 33,3 пайызға дейін төмен болды.Темір, Қарғалы, Ойыл және Қобда аудандары жәрмеңкеге етті мол әкелді. Ал Ақтөбе қаласы мен Алға ауданы көкөніс
«Табыс» коммуналдық азық- түлік базарының ашылуы, Ақтөбе қаласы маңындағы Азық-түлік белдеуінің тұсаукесері облыс халқы мен қала жұртшылығына лайықты мерекелік тарту болды.